Білім

Балдырған

Бактериялардың басты пайдасы

Тіпті ғалымдардың өзі бүргені әлемдегі ең кішкентай тірі организм деп есептеген кез болған ғой! Біздің маңымызда, өз денемізде және айналамызда бүргемен салыстырғанда құйттай болып қалатын, «көзге көрінбейтіндердің» орасан зор әлемі бар екендігі ешкімнің де ойына кіріп-шықпаған еді.

Ғалымдар бұл таңғажайып әлемді заттарды өте үлкейтіп көрсететін прибордың, яғни микроскоптың жәрдемімен ашты. Сөйтіп, шамасының кішкентайлығына қарай бұл әлемнің өкілдерін микробтар немесе микрорганизмдер деп атады (грекше «микрос» — «кішкентай» деген сөзден шыққан).

Бұл организмдердің бәрі де әдетте бір ғана тірі клеткадан тұрғанымен, олардың пішіні, қасиеттері, тіршілік әрекеті және қоршаған ортаға әсері алуан түрлі болады екен.

Микробтардың ішінде бір клеткалы өсімдік организмдері — бактериялар басты орын алады. Біздің жер бетіндегі бүкіл тіршілігіміз көп ретте осы бактерияларға байланысты деп айтуға болады.

Рас, адам немесе хайуанат организміне түскен бактериялар онда туберкулез, тырысқақ, түйнеме, маңқа, сүзек, баспа, оба, өкпенің қабынуы, іріңдеу, қанның бұзылуы секілді қауіпті аурулар тудырады.

Дегенмен пайдалы бактериялар да бар. Олар сүтті айранға, айранды ацидофилинге, сондай-ақ сірке суына айналдырады. Ең бастысы, осы пайдалы бактериялар болмаса біздің нанымыз да, етіміз бен сүтіміз де әлденеше есе азайып кеткен болар еді.

Өйткені хайуанаттардың тіршілігі өсімдікке байланысты, ал өсімдіктер болса құрамында азоты көп топырақта жақсы өсіп жетіледі. Сол азотты ауадан алатын және оны топыраққа өткізетін нәрсе топырақта тіршілік ететін бактериялар болып табылады. Бірақ бұл әлі де мұнымен бітпейді.

Егер Жер бетінде шіру процесін жүзеге асыратын бактериялар болмаса, біздің планетаның бетін тіршілігі жойылып, шірімей жатқан өсімдіктер мен хайуанаттар басып кеткен болар еді. Алайда шіріту бактериялары олардың шіруіне жәрдемдеседі. Тіршілігі жойылған өсімдіктер мен хайуанаттарды құраған заттардың бәрі топыраққа осылайша қайта оралады. Бұл заттар өсімдіктер мен хайуанаттардың келесі ұрпақтарының дамуына қажетті материал болады.

Біліп жүр

…қашан пайда болды?

Бейнелента — 1950 жылдар шамасы. Чарлз Гинзбург. АҚШ.

Бейнемагнитофон — 1956 жыл. «Эмпекс» компаниясы. АҚШ.

Кассеталы бейнемагнитофон — 1969 жыл. «Сони» компаниясы. Жапония.

Бейнеойындар — 1972 жыл. Нолан Бушнелл. АҚШ.

Винт — біздің заманымызға дейінгі ІІІ ғасыр. Архимед. Сицилия.

Витраж — 1065 жыл. Германия. Аугсбург соборы.

Су көтергіш механизм — біздің заманымызға дейінгі 300-жылдар шамасы. Египет.

Әуе шары (ыстық ауамен толтырылған) — 1783 жыл. Ағайынды Жозеф және Этьенн Монгольфьелер. Франция.

Талшықты оптика — 1955 жыл. Нариндер С. Капани. Үндістан.

Айналмалы есік — 1888 жыл. Теофиль фон Кэннель. АҚШ.

Оқушының өлеңі

Дала

Қарашы, құстар қайтты мекеніне,

Осылай шуақты жаз өтеді ме?

Көңілді бір сағыныш мазалайды,

Жүректің ырық бермей жетегіне.

Елес болып қалғандай жайдары жаз,

Күннен түскен шуақта сәуле де аз.

Құстар кетіп, қуаныш азайды ма,

Келмейді құлағыма әдемі саз.

Жел жұлып теректердің жапырағын,

Бөленді сары түске атырабым.

Құбыладан соғатын ызғарлы жел

Байқатты қатал қысты шақырарын.

Шық түсіп, су қатыпты науадағы,

Тазалық сезіледі ауадағы.

Тіршілік бір-біріне дем беріп тұр,

Осындай күз белгісі даладағы.

Ақмарал САНСЫЗБАЕВА,

Б.Сүлейменов атындағы Айшуақ орта мектебінің оқушысы.

Шалқар ауданы.

Табиғат

Көрікті күз

Жаңбыр жиі жауатын болды. Жел соғады. Күннің көзі жарқырап тұратын кездер азайып қалған сияқты. Күз келгені осыдан да білініп тұр.

Абай атамыздың «Күз» өлеңінде:

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес, жүгірмес бала шулай.

Қайыршы шал-кемпірдей түсі кетіп,

Жапырағынан айрылған ағаш, қурай, —

деген жолдар бар еді. Сол өлең жолдарындағы сияқты ағаштардың жапырақтары түсіп, сәні кетіп тұр.

Бірақ біздің қаламызды көңілсіздік басты деуге болмайды. Көшеде қызметтеріне асығып бара жатқан аға-апалар, мектептеріне жарқылдап күліп кіріп-шығып жатқан оқушылар күзде де тіршілік тынысы тоқтап қалмайтынын аңғартады.Әсіресе, қаламыздың жаз бойы күтім көрген саябақтары, гүлзарлары әлі де көз қызықтырады.

Біздің қаламыздың күзі де көрікті.

Ақнұр ЖАҚСЫБАЕВА,

№32 мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button